Корниенко Прокофий Прокофьевич (9.02.1911- 10.06.1972), Ростовка селосының тумасы, қатардағы жауынгер, Кеңес Одағының Батыры (1943). 1933 жылдан Қарағанды облысы жабдықтау базасының тауар айырушы маманы. 1942 жылдан Кеңес Армиясы қатарында, әскери қызметті 303-атқыштар дивизиясының 347-атқыштар полкінің барлаушылар ротасында атқарды. Украина мен Молдавияны азат ету ұрыстарына қатысты. 27 қыркүйек 1943 жылы Днепропетровск облысы Верхнеднепровск ауданы Червонное селосы маңында бөлімшенің Днепрден өту сәтінде ерлік көрсетті. Барлаушылар бөлімшесінің құрамында бола тұра 2 пулемет нүктесін, 1 ротадай немістің жаяу әскерін жойып жіберіп, негізгі күштердің оң жағалауға өтуін қамтамасыз етті. 1943 жылғы қазанның 20-нда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 1945 жылдан Токаревка кентінде тұрды. Тельман аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, сондай-ақ, әскери комиссариатта қызмет істеді. Ауданымызға қарасты Ғ.Мұстафин кентінде, Ростовка селосында П.Корниенко құрметіне аталған көшелер бар.
